Балалардың қауіпсіздігі мәселелері қоғамның басты назарында. Тараз қаласындағы №69 орта мектепте «Қауіпсіз жол – қауіпсіз болашақ» атты тақырыптық іс-шара өтті. Аталған шараға оқушылар, педагогтер және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Кездесу аясында облыс орталығындағы бірқатар мектептердің оқушылары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларын ұсынды. Білімалушылар жол-көлік оқиғаларының алдын алу, білім беру ұйымдарына баратын қауіпсіз бағыттарды құру және құрдастары арасында жол қозғалысы ережелерін насихаттауға арналған презентациялар мен макеттер дайындады.