Елімізде 12 криптобиржа жұмыс істейді. Бүгін бұл жөнінде Сенатта өткен жиында мәлім болды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі өкілінің айтуынша, «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданғаннан кейін, елімізде жұмыс істейтін 70 майнерге лицензия берілген. Тізілімге 400 мыңнан астам жабдық енгізіліп, майнинг пулы аккредиттеліп, 12 криптобиржа жұмыс істеп жатыр. Цифрлық активтер индустриясының дамуы талқыланған жиында Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов, цифрлық қаржы активтерін реттеуге және криптовалюта айналымын көлеңкеден шығаруға бағытталған заңнамалық түзетулерге егжей-тегжейлі тоқталды. Әзірленген шаралардың ішінде криптовалюталарды лицензиялау, олардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, инвесторларды қорғау, транзакцияларға бақылауды күшейтуді енгізу көзделген.