Жыл он екі ай бойы жұмысын жүйелей алмаған басшыларға тиісті шешімдер қабылданатын болады. Себебі, кей салалардың даму үрдісі кенжелеп қалған. Перспективасы пәрменді саналатын аудандардың өзі төмен көрсеткішке ие. Бұл биылғы жылдың қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары. Алқа мәжілісінде ескерту алған жауаптылар етек-жеңді жиып, тірлікті тіктеуге күш салуы тиіс. Қай салаға серпіліс керек, аймақ басшысы қандай тапсырмалар берді?
2026 жылғы қаңтар-маусым айларының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы. Әдетте, бұл – атқарушы билік аймақтың тынысын, сан саланың жұмысын бір саралайтын сәт. Сандарды сөйлетсек, өңірде өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш төмен. Яғни, аудандар бөлінісінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда Меркіде 50,6%, Сарысуда - 66,4%, Қордайда - 94,9% төмендеген.