Бұрын мемлекеттік қызметке тұру үшін қағазбастылық пен ұзын-сонар кезек қалыпты жағдай еді. Ал бүгінде бәрі өзгерді. Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп жатыр. Ол - «E-қызмет» электронды порталы арқылы жүзеге асады. Енді мемлекеттік қызметші атану үшін тек интернет пен біліміңіз қажет. Яғни, мемлекеттік қызметке үміткерлер енді онлайн форматта өтініш беріп, қажетті кезеңдерден қашықтан өте алады. Бұл - процестің мейлінше ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.
Іріктеу жүйесі барынша ашық әрі қолжетімді. Ол үшін «Е-қызмет» ақпараттық жүйесіне тіркелу қажет. Іріктеуді қашықтықтан өтуге болады. Жүйе азаматтарға өздерінің түйіндемелерін онлайн түрде жіберіп, қажетті құжаттарды оңай тіркеп, мемлекеттік қызметке қабылдау процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік іріктеудің онлайн жүйесі арқылы өткендердің бірі – Еркеназ Нұрова. Ол қазіргі таңда Талас ауданы Ақкөл ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып қызмет атқарады.