Аптап ыстық алқымнан алды. «Қазгидромет» мамандарының мәлімдеуінше алдағы уақытта ауа температурасы 46 градусқа дейін көтерілмек. Ми қайнатар ыстық бірнеше күнге созылады. Осыған орай дәрігерлер де тұрғындарды сақ болуға шақырады. Әсіресе денсаулығында кінәрәті бар жандардың күн астында ұзақ жүрмегені абзал. Жүрегі нашарлар үшін де алдағы ыстық оңайға соқпайын деп тұр.


Күннің ыстығы артқан сайын көшеде емін-еркін жүрудің өзі қиындап кетті. Әсіресе, түскі уақытта күннің аптабы күшейіп, ашық аспан астында бірнеше минут тұрудың өзі оңай емес. Дәрігерлердің айтуынша, аптап ыстық адам ағзасын тез сусыздандырып, қан қысымының көтерілуіне, күн өтуге және жылу соққысына әкелуі мүмкін. Сондықтан күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 16:00 аралығында мүмкіндігінше сыртта ұзақ жүрмеген дұрыс.