Таразда аса ірі мөлшердегі синтетикалық есірткіні саудаламақ болған шетелдік ұсталды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің нәтижесінде 29 жастағы азамат қолға түседі. Жеке тінту кезінде ақ ұнтақ тәрізді зат салынған, оқшаулағыш таспамен оралған 10 түйіншек тәркіленді. Сондай-ақ оқиға орнынан дәл осындай тағы 18 түйіншек табылды.
Кейіннен күдіктінің уақытша тұрып жатқан үйін тінту кезінде полицейлер өзіндік иісі бар ақ ұнтақ салынған тағы 109 түйіншекті тапты. Сот сараптамасының нәтижесі бойынша бұл заттар «Альфа-PVP» синтетикалық есірткісі болып шықты. Табылған есірткінің жалпы салмағы 59,01 граммды құрайды. Оның қара нарықтағы құны 2,7 миллион теңгеден асады.Айта кетейік, күдікті заңсыз табыс көзін Telegram мессенджері арқылы тапқан. Ол таратуға дайындалған түйіншектерді Алматы қаласынан алып, Тараз қаласында өткізуді жоспарлаған. Алайда, полиция оның жолын дер кезінде кесті.Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бап, 3 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.