Еліміздегі әрбір азамат кепілді көлемдегі медициналық көмек алуға құқылы. Соның қарапайым түрлері емханаларда көрсетіледі. Яғни дәрігер консультациясы, амбулаториялық деңгейде ем алу, вакциналау сынды көмектер.
Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек деген бар. Ол баршаға ортақ және қолжетімді. Ең бірінші жедел жәрдем және санитариялық авиация. Сосын адам өміріне қатерлі жағдайда – шұғыл жәрдем тегін, керек болса ауруханаға жатқызылады. Одан кейін, қауіпті инфекция жұқтырған адамдар да сақтандыру дәрежесіне қарамай тегін ем алады. Тіптен қатты ауырмай тұрып ақ, скринингтен яғни алдын ала тексерілуден өтуге де болады.