Биыл Жамбыл өңірінің белгілі қоғам қайраткері, еңбек ардагері Тұрсынхан Мүсірәлиевтің 90 жылдығы. Осыған орай ардагерлер арасында бильярдтан турнир ұйымдастырылды. Дәстүрлі додаға өңірдің белсенді ардагерлері қатысып, шеберліктерін сынға салды.
Турнир екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Алғашқы кезеңде 20 ардагер бақ сынаса, олардың арасынан үздік шыққан 10 ойыншы финалдық кезеңге жолдама алды. Ептілік пен мергендікті талап ететін бильярд бәсекесінде қатысушылар жоғары шеберлік танытып, тартысты ойын көрсетті. Айта кетейік, Тұрсынхан Мүсірәлиев ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік басқару саласында еңбек етіп, Жамбыл және Тұрар Рысқұлов аудандары партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Меркі ауданының әкімі секілді жауапты қызметтерді атқарған. Ардагердің өнегелі өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегі кейінгі буынға үлгі.