Қазақстандықтардың нақты табысын арттыруға бағытталған арнайы жоспар қабылданды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді. Құжат алты негізгі бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды. Атап айтқанда, жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, халықтың несие жүктемесін азайту, адами капиталды дамыту және сапалы жұмыс орындарын көбейту көзделген. Сонымен қатар салық және әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша да кешенді жұмыстар жүргізіледі. Мамандардың айтуынша, жоспардың басты мақсаты – азаматтардың табысын арттырып қана қоймай, олардың сатып алу қабілеті мен әлеуметтік жағдайын жақсарту. Сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын өсіру арқылы жекеменшік сектордағы еңбекақы көлемін де арттыру көзделіп отыр.