Соңғы жылдары кәсіпкерлікке бет бұрып жатқан жастар көп. Соның бірі Меркі ауданының тұрғыны Ерлан Аманбекұлы. Ол былтырдан бері аулына келіп құс шаруашылығын дамытып отыр. Ауданда алғашқылардың бірі болып, бөдене бизнесін қолға алған жас кәсіпкер болашақта осы бағытта мемлекеттік грантқа қатысып, бастаған ісін кеңейтпек ниетте.


Жалпы Меркі ауданының табиғаты, шаруаның қай түріне болмасын өте қолайлы. Сондықтан ауданда мал, құс шаруашылығы мен егіншілік жақсы дамыған. Ерлан бөдене кәсібімен Астана қаласында, 10 жылға жуық айналысқан екен. Ондағы ау-райы қолайсыз болған соң, туған жерге келіп, арнайы бөдене өсіретін қора салған.