Көк байрақ көкте желбіреп, Әнұран асқақтаған күн. Бүгін ел көлемінде Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Тараздықтар да мерейлі мерекеде елдігіміздің символдарына құрмет көрсетіп, елдік пен бірліктің маңызын дәріптеді. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және өңір тұрғындары қатысты. Алаңда Әнұран шырқалып, көк байрақ көкке көтерілді. Ал ел дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Көк Ту көкте қалықтаған сайын жүректе мақтаныш сезімі оянады. Әнұран шырқалғанда елдік рух асқақтай түседі. Өйткені мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің тұмары, егемендіктің еңселі белгісі. Ұлттың ұлық күнімен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды құттықтап, мемлекеттік рәміздердің Тәуелсіз Қазақстанның айбыны мен абыройын айшықтайтын, халқымыздың бірлігі мен елдігіміздің тұғырын білдіретін қасиетті құндылықтар екенін атап өтті. Салтанатты жиында халықаралық ареналарда Қазақстанның мерейін үстем етіп жүрген спортшылар мен үздіктер көк Туды мәртебемен алып шықты.