Балаларды қорғау күніне арналған түрлі іс-шаралар легі жер-жерде жалғасты. Тараздағы Мұхтар Әуезов кітапханасы да балғындарды ертегі әлеміне саяхаттатып, кітап оқуға деген құштарлығын оятты.

Қатысушылар саяхатшы Дарамен бірге Африка еліне барады. Саяхаттарына кедергі жасағысы келген зұлым қарақшы Бармалейді Айболитпен бірге емдеп, оның кітапқа деген қызығушылығын ашады. Ертегі кейіпкерлерінің қойған сұрақтарына жауап берген балалар түрлі ойындар да ойнады. Іс-шара барысында «Балғын балалар біздің болашағымыз» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ертегі кітаптары таныстырылды. Айта кетсек, аталған кітапханада 107 мыңнан астам кітап қоры бар болса, оның 32 мыңы балалар әдебиеті. Балалар бөліміне бір жылдың көлемінде төрт мыңға жуық кішкентай оқырман келеді.