Жамбыл облысында заңсыз қоқыс үйінділерін жою және тұрмыстық қалдықтарды басқару мәселесі әлі де өзекті. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте жан-жақты талқыланды. Жиында полигондардың жай-күйі сараланып, жауапты аудан әкімдерінің жұмысы қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
Тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару – өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Бүгінде Жамбыл облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды төгуге арналған 163 полигон тіркелген. Оның 159-ы коммуналдық, ал 4-еуі жеке меншік. Қазіргі таңда полигондарда жинақталған қалдық көлемі 3 миллион 222 мың тоннадан асады. Оның 22 мың тоннадан астамы биылғы жылдың алғашқы бес айында жиналған.