Саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімі ешқашан ұмытылмайды. 31- мамыр оларды еске алу күнінде, жылдағы дәстүрге сай, Жамбылдықтар жазықсыз жазаланған жандардың рухына тағзым етіп, монументке гүл шоқтарын қойды.

Ескерткіш басына жиылған аға буын өкілдері қасыретті жылдарды еске алып, зұлмат заманның зардабын айтты. Бұдан соң, қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоғын қойды. Ел тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның ажал құшуына әкеп соққан ашаршылық. 1920-1940 жылдар аралығында Кеңестер Одағында талай тұлға репрессияға ұшырап, солақай саясаттың құрбаны болды. Тарихшылардың зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанда 118 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Өткенсіз бүгін жоқ. Халыққа жасалған қиянатты өскелең ұрпақ білуі тиіс.