Қарулы күштер мен әскери мекемелерді түбегейлі реформалау керек. Бүгін Мемлекет басшысы-Қазақстан қарулы күштері Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы мерекесі қарсаңында өткен салтанатты рәсімде осылай деді. Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажеттілігін айтты. Әрі, мұндай маңызы зор стратегиялық міндетті екі жыл ішінде орындауды тапсырды. Мерекелік бас қосуда президент отан қорғаушы және жеңіс күнімен құттықтап, бірқатарына жоғары дәрежелі марапат табыстады.

1992 жыл. 7 мамыр. Қазақстанның қарулы күштері құрылды. Араға жылдар салып, айтулы күн әскерилердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Сондықтан мамырдың алғашқы аптасы - қарулы күштер мен күштік құрылым мамандары үшін дәстүрлі мейрам. Бүгін сала үздіктері Ақордада бас қосты.