Таразда белгілі журналист әрі қаламгер Қуат Бораштың «Тәубе» романының ресми таныстырылымы өтті. Қазақ қоғамының соңғы жүз жылдағы рухани өзгерістері, дін мен дәстүр сабақтастығы, сондай-ақ, ұрпақтар дүниетанымындағы алмасулар кеңінен көрініс тапқан туындыда сенім мен күмән, адасу мен жаңғыру секілді күрделі үдерістер баяндалған. Әзірге мың дана болып жарыққа шыққан жаңа кітап қаламгер қауымның жоғары бағасына ие болып отыр. Бұл роман «Қазіргі заманғы қазақ романы» байқауында арнайы жүлдеге ие болған. Сиясы кеппеген су жаңа кітап жазушының білім алған мектебіне де табыс етілді.

«Тәубе» – қазақ халқының соңғы жүз жылдықтағы діни-рухани тарихын үш ұрпақтың өмір жолы арқылы баяндайтын әлеуметтік-психологиялық көркем шығарма. Роман ұлттық құндылықтар мен сырттан енген деструктивті идеялар арасындағы қарама-қайшылықты, сондай-ақ әр ұрпақтың сенім мен шынайылықты іздеу жолындағы іштей арпалысын суреттейді.