Мемлекеттік деректердің бірыңғай жүйесі болмаса, жасанды интеллектіден пайда жоқ. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев GITEX AI Kazakhstan форумы қарсаңында өткен жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысында осылай деді. Президенттің пайымынша, жаңа технологиялық парадигмаға көшу үшін қазіргі жағдайға объективті, шынайы баға беру қажет. Цифрлық экономика туралы тұжырымдама әлі толық жасақталмаған. Бірізділік жоқ. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектінің ел экономикасына қосқан нақты үлесін бағалауға мүмкіндік бермейді. Қазіргі жағдайды егжей-тегжейлі саралап, нақты интеллектуалдық өнімдер жасауға қабілетіміз қаншалықты жететінін анық түсіну керек. Сондықтан президент үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, цифрлық экономиканың ішкі жалпы өнімге әсерін бағалау бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.