«Біз емтиханға емес, өмірге дайындаймыз!» деген ұранды ұстаным еткен Тараздағы іргелі білім мекемелерінің бірі – «Мәртебе Тараз» білім кешені ашық есік күнін өткізді. Ашылғанына 10 жылға жуықтаған бұл оқу ордасының басты бағыты - қоршаған ортаны қорғау. Экологиялық бағыттағы жинақтаған тәжірибесін кітап қылып шығарған кешен енді заман көшінен қалмай, оқушыларды жасанды интеллектіге баулуды бастады.
«А-Статус» аталып келген білім мекемесінің атауы биылдан бастап Мәртебе Тараз білім кешені болып өзгерді. Бірақ бағыты сол: оқушыларды бірінші кезекте табиғатты аялауға баулу, қоршаған ортаны қорғау. Өз бағыттарын берік ұстанған ұжым жуырда ғана Алматы қаласында өткен республикалық экологиялық жиында үздіктердің қатарынан көрінді. Шәкірті мен ұстазы 2-ші орынды иеленді.