1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай Байзақ ауданындағы білім беру ұйымдары арасында «Халықтар достығы» атты фестиваль өтті. Аталған іс-шара ұлттар арасындағы татулық пен бірлікті нығайтуға, жас ұрпақтың бойында достық, сыйластық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. Фестивальде аудан мектептері түрлі этностардың мәдениетін таныстырып, сахна төрінде өз өнерлерін ортаға салып, ұлттық киімдері мен тағамдарын көпшілікке таныстырды. Әр команда өзіне тиесілі халықтың ерекшелігін жан-жақты ашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау бес кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз командаларын таныстырып, таңдаған халықтың тарихы мен мәдениетіне қысқаша шолу жасады. Одан кейін ұлттық ән мен би арқылы өнер көрсетіп, сахна көркін қыздырды. Үшінші кезеңде ұлттық тағамдар көрмесі ұйымдастырылып, аспаздық шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, әр этностың салт-дәстүрінен көріністер қойып, көрермендерге тәрбиелік мәні зор қойылымдар ұсынды. Соңғы кезеңде ұлттық киімдер дефилесі өтіп, түрлі халықтардың әсем әрі ерекше киім үлгілері паш етілді.