Чехия кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция салуға жоғары қызығушылық танытып отыр. Әсіресе энергетика, көлік, машина жасау, сақтандыру және өзге де салаларда бірлескен кәсіпорындар құруға басымдық берілуде. Астанада өткен бизнес форумға 60-тан астам кәсіпкер қатысып, жаңа нарықтың мүмкіндіктерін талқылады. Қазіргі таңда елімізде 150-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 700 миллион доллардан асты. Өзара тиімді ынтымақтастықтың нақты мысалдарының бірі – Škoda Auto компаниясының 8,2 миллион долларға автокөлік құрастыру жобасын іске қосуы. Ал BBS кәсіпорны осы жылдың соңына дейін 9 миллион долларға жылу алмастырғыш жабдықтар өндірісін бастауды жоспарлап отыр. Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Чехия компаниялары арасында ынтымақтастық туралы 6 меморандумға қол қойылды.