Тарих пен тағылым тоғысқан Түркістан – талай туындыға арқау болған қасиетті мекен. Ал сол рухани әлемді қылқаламмен сөйлеткен шебердің еңбектері Тараз төрінде көпшілікке ұсынылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнабек Оспановтың «Түркістанды тану» атты 70 жылдық мерейтойлық көрмесі көрерменге жол тартты. Көрмеде автордың жылдар бойғы ізденісі мен ұлттық рухты бейнелейтін туындылары қойылған.
Оның еңбектерінде Түркістан өңірінің тарихы, рухани болмысы, ұлттық құндылықтар мен терең философиялық ойлар көрініс табады. Бұл көрмеде суретшінің соңғы 5 жылдағы тынымсыз еңбегі мен, шығармашылық ізденісінің нәтижелері қойылған. Өнерге жастайынан жақын болған ол алғашқы қадамын графикалық жанрдан бастап, уақыт өте келе кескіндеме өнеріне бет бұрды. Нәтижесінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, ауқымды туындыларымен жеке көрмелерін ұйымдастыру деңгейіне жетті.