Кітапхана ұсынған мүмкіндік. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана ұжымы өз оқырмандарын Тараздың тарихи орындарын аралатты. Олар орта ғасырлар мұрасына жататын үш бірдей рухани ескерткіштер – Тектұрмас, Қарахан баба және Айша бибі кесенелеріне барып, тәу етті, тарихымен танысты.
Бұл жобаның ерекшелігі сол, зағип жандар гид-мамандардың көмегінсіз-ақ, қалалар, ескерткіштер мен музейлер жайлы мәліметтерге қол жеткізе алады. Ол үшін «izi.TRAVEL» ақпараттық аудио нұсқаулық немесе қосымшасын ұялы телефонға жүктеу жеткілікті. Экскурсия барысында оқырмандар осы мобильді аудио гид қызметі арқылы Айша бибі, Қарахан кесенелері мен Тектұрмас кешені туралы мәліметті жүктеу арқылы толық ақпарат алды.