Елімізде 17 наурыздан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам жас азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олар Қарулы Күштер қатары мен басқа да әскери құрылымдар қатарын толықтырады. Бұл туралы баспасөз конференциясында облыстық қорғаныс істері департаментінің мамандары хабарлады.

Президенттің Жарлығына сай, көктемгі шақыру науқаны жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдармен, қорғаныс істері жөніндегі басқарма, бөлімдермен және медициналық ұйымдар бірлесіп, шақырылушыларды іріктеу, медициналық куәландырудан өткізу және әскерге жөнелту жұмыстары ұйымдастырылған. Қазіргі таңда, өңірдегі жергілікті әскери басқару органдарымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін жас буынмен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.