Таразда «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі және мектептегі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру мәселесі қаралды.
Тұжырымдама аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта облыстағы 392 мектепте «Адал ұрпақ» атты ерікті мектеп клубтары құрылып, оған 17 мыңға жуық оқушы қамтылған. Бұл үйірмелерді басқаруға аудандық, қалалық білім бөлімдерінен он бір жауапты маман бекітілген. Мұғалімдер өз қызметінде балаларға, ата-аналарға және жалпы қоғамға адалдық пен әділдіктің үлгісін көрсетуі керек. Сондықтан педагогтардың алдында өскелең ұрпақта сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті тәрбиелеуде өршіл мақсаттар мен міндеттер тұр.