Ауыл төсінде Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Көктемнің шуағымен бірге келген әз наурыз бұл жолы Талас ауданындағы Үшарал жұртына шаттық пен береке сыйлады. Ал биылғы мерекенің ерекшелігі - ауыл болашағына бағытталған игі бастамалар болды. Атап айтқанда жаңа өндіріс орны ашылып, ел игілігіне қызмет етпек.

Үшаралдағы биылғы мереке ауыл сыртындағы кең қырда ұйымдастырылып, ұлттық нақышымен көпшіліктің жүрегін бірден баурады. Жеті бірдей ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, әр үйдің ішін ауыл тұрғындары түрліше дайындаған. Келген қонақтар түрлі ұлттық тағам түрлерінен дәм ауыз тиіп, бір-біріне ақжарма тілектерін жаудырып жатты. Мерекенің шырайын кіргізіп, алаңға ерекше сән берген көрініс бұл ұлттық нақыштағы керуеннің жүріп өтуі болды.