Мемлекет басшысы елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанына, өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде жасалған келісімдерді іске асыру қарқын алғанына назар аударылды. Мемлекет басшысының айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы екі ел байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі дамытуға деген қос тараптың ұмтылысын тағы да растайды. Әңгіме барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына дайындық мәселелері туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана алдағы сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді. Ал, Ресей Үкіметінің Төрағасы қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтады. Сондай-ақ тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.