Көктеммен бірге келген әз-Наурыз шаттық пен қуаныштың, жаңару мен жақсылықтың жаршысы. Ұлттық рухты ұлықтаған бұл күндері тіпті тәтті бүлдіршіндердің өзі Ұлыстың ұлы күнін ерекше ықыласпен қарсы алуда. Осындай тағылымы мол мерекелік шара Тараз қаласындағы №6 балабақшада кең көлемде ұйымдастырылды.
Мерекелік шарада бүлдіршіндер ұлттық киім киіп, ата-бабадан жеткен ұлттық ойындарды ойнап, Наурыз мерекесінің шынайы мәнін сезінді. Сондай – ақ балабақша ауласында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ерекше көріністер ұйымдастырылды. Үлкендер қауымы бидайды диірменнен тартып, оның қалай ұнға айналатынын көрсетті. Жүн иіру үдерісі де көпшілік назарына ұсынылып, баларға ұлттық қолөнердің қыр – сыры таныстырылды.