Қуатты желдің күші кәдеге асады. Мойынқұм даласында француздар жылына шамамен 4 млрд кбт сағат таза электр энергиясын өндіруге қауқарлы жел электр станциясының құрылысын бастады. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев нысанның құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Салтанатты іс-шараға сондай-ақ, «Самұрық -Қазынаның» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге қатысты. Тотал Энержиес корпорациясының жаңартылған энергия көздері бағыты бойынша вице-президенті онлайн режимде қатысып, маңызды жобаның басталуымен құттықтады.

Жобаны жүзеге асыруға Жамбыл облысының таңдалуы кездейсоқтық емес. Дәл осы өңірде жүргізілген көпжылдық зерттеулер мен табиғи жағдайларды талдау жел әлеуетінің жоғары екенін көрсеткен. Бұл Қазақстанның оңтүстігі үшін ерекше маңызды. Өйткені өңір энергетикалық тұрақтылықты күшейтіп, қуат тапшылығын азайта алатын жаңа электр энергиясы көздеріне мұқтаж. Мойынқұмдағы дәл осы жел электр станциясын салуға Қазақстанның энергетикалық дамуында және Халықаралық нарықта маңызды роль атқарып отырған Тоталь Энерджис, Самұрық қазына, Самұрық Энержо және Қазмұнай газ сынды компаниялар қатысуда.