Жамбыл облысы күре жолдың бойында орналасқандықтан, көші-қон мәселесі қашан да өзекті. 2026 жылдың алғашқы 2 айында бұл салада бірқатар жұмыстар атқарылып, нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық фактілері анықталған. Бұл жөнінде бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала өкілдері жеткізді.
Биыл өңірге түрлі мақсаттармен 5969 шетел азаматы келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш,-дейді мамандар. Келушілердің басым көпшілігі ТМД елдерінің азаматтары. Қазіргі таңда облыста 6549 шетелдік тұрақты тұрып жатса, есепті кезеңде тағы 251 адамға тұрақты тұруға рұқсат берілген. Ал 278 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алды. Жамбыл облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арай Айымбектің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да күшейтіледі екен. Сондықтан көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бүгінгі күннің негізгі басым бағыттардың бірі болып отыр.