Жамбыл облысында өткен жылы 18 суицид фактісі тіркелсе, биылғы 3 айдың өзінде 4 бала өз өзіне қол салған. Өкініштісі, олардың үшеуін құтқарып қалуға мүмкіндік болған. Нақтырақ айтқанда, қиындыққа тап болған жасөспірімдермен дер кезінде тиісті қолдау шаралары көрсетілгенде, қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Мұндай жайттардың көбеюіне не себеп? Қоғам ба әлде, цифрлық әлем бе? Себебі мен салдарын психолог мамандар балалардың психологиялық денсаулығына арналған республикалық форумда жан-жақты қарастырды.
Бала үшін барлық жағдай жасалып жатса да, жантүршігерлік жайттардың тоқтайтын түрі жоқ. Бейбіт заманда бала өлімінің, өзін өлтіру фактілерінің артуы қоғамның басты проблемасы болып отырғаны ащы да болса шындық. Бұған кім кінәлі? Бүгінгі басқосудың басты себебі де осы: тараптар болып түйткілді мәселеге үңілу, сараптау мен зерделеу.