Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесті. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, серіктестікті одан әрі нығайтуға қатысты міндеттерге тоқталды. Мәулен Әшімбаев әлемдегі геосаяси ахуалға тоқталып, Қазақстан дау-жанжалды халықаралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясында дипломатиялық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті. Осыған байланысты Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін нығайтуда өзекті құрылымның біріне айналған БҰҰ-ның Алматыдағы Өңірлік орталығының маңызы туралы айтты. Ол Орталықты құру дер кезінде қабылданған шешім екенін және бұл қадам Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастардың нақты нәтижесі саналатынын атап өтті. Кездесуде Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да назар аударды.