2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда күшті әсер ететін заттардың, оның ішінде «күлдіретін газ» ретінде белгілі азот тотығының заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңнамалық түзетулер күшіне енді. «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Жамбыл облысы Полиция департаменті өңір аумағында есірткі өндірісі мен тыйым салынған заттардың таралуына жол бермеу бағытында кешенді шаралар қабылдауда.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы заңсыз айналым деректерінің жолын кесумен қатар, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін күшті әсер ететін заттардың айналымын шектеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Азот оксидінің қатаң бақылауға жататын заттар санатына ауысуы медициналық статистикаға байланысты. Бұл газды әуесің кетіп үнемі қолдану – орталық жүйке жүйесінің тұрақты зақымдалуына, мидың улануына және жүрек жеткіліксіздігіне әкеледі. Енді оны заңсыз сақтап сатқаны немесе жарнамалағаны үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Ағымдағы жылдың қаңтар айында аталған басқарма қызметкерлері азот тотығын жарнамалап, оны пайдалануды насихаттаған 65 интернет-сайтты анықтап, бұғаттады. Бұл бағыттағы заңға қайшы қызметті анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.