Тараздағы дәмханалардың бірінде түскі асқа келген тұрғындарды бұл жолы ерекше рухани тосынсый күтіп тұрды. Абай атындағы колледждің студенттері мейрамхана төрінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, күнделікті үзілісті поэзия мерекесіне айналдырды. Кенеттен басталған әдеби кеш келушілерді бір сәтке күйбең тіршіліктен алыстатып, түскі асқа жылылық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
95 жылдыққа арналған іс-шара аясында Мұқағали Мақатаевтың «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы», «Махаббат диалогы», «Өзіммен өзім» сынды лирикалық өлеңдері оқылды. Талантты жастар бұл жолы көрерменді ерекше қырынан таңғалдырды: тіпті даяшы рөлінде жүріп-ақ, қос ғашықтың монологын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бар-жоғы он минутқа созылған мәнерлеп оқу келушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, Мұқағали жыры арқылы сол бір кезеңнің сырлы әлеміне жетеледі.