Табиғаты көркем, шежіресі бай Жуалы ауданында ел шебін күзеткен айбынды ұжым бар. №91678 әскери бөлімі – осында орналасқан бірегей таулы-егерлі полкі. Бұл – Қазақстанда баламасы жоқ әскер. Әскери қызметшілерінде кәсіби альпинисттік, сондай-ақ атпен жұмыс істеу дағдылары жақсы дамыған.
Биыл бөлімшенің құрылғанына тура 26 жыл толды. Қалыптасқан дәстүрге сай, Жуалы ауданында мектеп оқушылары үшін ашық есік күнін ұйымдастырды.
Бұл бөлімшені бірегей деп айтуға толық негіз бар, өйткені ол Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі жауынгерлік аттар сарбаздармен қатар қызмет ететін жалғыз бөлімше. Жылқылар таулы жерлерде, сондай-ақ еліміздің оңтүстік шекарасының шалғай аймақтарында әртүрлі тактикалық және басқа да тапсырмаларды орындайды. Дауыл мен жауын, қалың қар олар үшін еш кедергі емес. Оқушылар дәл осы әсерлі сәтті өз көздерімен тамашалауға мүмкіндік алды. Интернационалист-жауынгерлермен кездесіп, олар өз қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Балаларға сондай-ақ, таулы-егерлі полкінің қару-жарақтарының көрсетілімі ұйымдастырылды.