9 ақпан – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Әдебиет саласында жиырма бес жылдай қалам тербеген ол 1000-нан аса өлең жазды. Өмірін өлеңге, өлеңін мәңгілік өмірге айналдырған дара таланттың шығармаларын әулиеаталық өрендер бүгін ерекше тебіреніспен жеткізді. Поэзияның символы болған мұзбалақ ақынның жырлары «Жырлайды жүрек» атты оқушылар арасындағы облыстық байқауда шашу боп шашылды.

Бұл байқауға аймақтың барлық өңірінен келген 150 оқушы қатысты. Олар «Көркем сөз» және «Сахналық қойылым» номинациялары бойынша бақтарын сынады. Бірінші кезеңде қатысушылар Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқып, жас та болса ақиық ақынның мол мұрасын мақтанышпен орындады. Ал қазылар алқасы жастардың өнерге деген ынтасы мен шығарманы терең сезінуін жоғары бағалады.