Бір кездері мал шаруашылығымен аты шыққан Мойынқұм өңірі бүгінде өндірістік өлкеге де айналып отыр. Мұнда бір емес, бірнеше зауыттар мен кәсіпорындар салынып, жұмыстарын жандандыра түстуде. Сонмен қатар, ауылды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауданда кәсібін нәсіп еткен жандардың қатары да арта түскен.
Мойынқұм ауылының тумасы Ерік Асанұлы осыдан он жыл бұрын өз кәсібін ашып, үй жихаздарын шығарумен айналыса бастапты. Істің көзін тапқан ол қолдағы бар ақшасына ағаш кесетін станок алып, аула маңынан кіші цехты іске қосқан. Бүгінде ол тапсырыс бойынша есік терезелерден бастап, үйге қажетті барлық жихаздарды шығаруда. Өз ісін өрістетіп отырған өренге өткен жылы 1,5 милион теңге қайтарымсыз грант беріліпті. Кәсіпкер оған үстіне қаржы қосып, тақтайды кесіп қана қоймай, әдемілеп әрлеп, өңдейтін өндірістік құрылғыларды да сатып алыпты.