Елімізде 2021 жылдан бастап, ауылдық округ әкімдерін тікелей халық сайлайды. Былтыр облыста 213 аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округ тұрғындары өздеріне әкім таңдады.
5 жыл бұрын қабылданған бастама қазір жүйелі түрде жалғасуда. Мәселен өткен демалыс күні Меркі ауданына қарасты Сарымолдаев ауылдық округінде әкім сайлауы өтті.
Сайлау Сарымолдаев, Екпінді және Ойтал ауылдарын қамтыды. Округте барлығы 13 408 тұрғын бар болса, олардың 8 523-і сайлаушы ретінде тіркелген. Дауыс беру бес сайлау учаскесінде ұйымдастырылып, оның төртеуі Сарымолдаев ауылында, біреуі Ойтал ауылында жұмыс істеді. Барлық учаскелер заң талаптарына сай жабдықталып, сайлау комиссиялары өз міндеттерін белгіленген тәртіпке сәйкес атқарды. Дауыс беру барысы тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтті.