Сол кезде сап түзеген сарбаздар қазір 50-60 жасты еңсерген ел ағалары. Бүгінгі бейбіт күнде бұл батырларды елеп-ескеру, құрмет көрсету баршаға міндет.

Билік өкілдері, халық қалаулылары мен басқа да мемлекеттік мекеме қызметкерлері бүгін игі істі қолға алды. Ауғанға аттанып, соғыс көрген жамбылдық жауынгерлердің отбасына барып, мерекелерімен құттықтады.
 

 Ауған соғысының ардагері Қайрат Үшбаев қазір бірінші топтағы мүгедек. Майдан даласынан аман-есен оралған азамат сұрапыл соғыстың зардабын кейін тартқан. 5 жыл бұрын оған мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, 2 бөлмелі пәтерге ие болды. Бүгінде отбасымен сонда тұрып жатыр. Қала әкімі Ғалымжан Әбдіраимов ардагердің қал-жағдайын сұрап, тұрмысын көзбен көрді.

Қайрат Үшбаев  - Ауған соғысының ардагері

Қаладағы өзге ардагерлерді құттықтау үшін жергілікті атқамінерлер 17 отбасына арнайы барды. Солардың бірі – Григорий Щепактың шаңырағы. Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев ардагермен әңгімелесіп, жағдайын білді.

Айта кетейік, бүгінде облыста 1000 –нан аса ардагер бар. Оның 466- сы Таразда тұрады. Жергілікті билік өкілдерінің бастамасымен іске асып жатқан шараға мұнымен нүкте қойылмайды. Әрине, игі бастама жалғасын табады.