Қордай ауданында көктемгі мал төлдету науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бұл кезең – ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды, себебі төрт түлік басын көбейтіп, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Жергілікті шаруалар бұл науқанға тыңғылықты дайындалып, малдың күтімі мен төлдің амандығына ерекше мән беруде.

Ауданға қарасты Қақпатас ауылдық округіндегі «Төрехан» шаруа қожалығы бұл бағытта үлгілі жұмыстарымен танылып отыр. Шаруашылықты басқарып отырған Талант Сейдуалиев – әке жолын жалғап, көпжылдық тәжірибені тиімді пайдаланып келе жатқан азамат. Оның әкесі негізін қалаған қожалық бүгінде асыл тұқымды мал өсіруді дамытып, тұрақты нәтижеге қол жеткізген.