Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – маңызды міндет. Бірақ оның орындалуы барлық салада бірдей емес. Әсіресе сот жүйесіндегі ахуал мамандарды алаңдатып отыр. Облыс халқының төрттен үш бөлігін қазақтар құраса да, соттағы істердің басым бөлігі ресми тілде қаралады. Неліктен? Мәселе сотта ма, әлде сотқа дейінгі органдарда ма? Бүгін осы тақырып облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың және облыстық соттың төрағасының қатысуымен өткен арнайы дөңгелек үстелде талқыланды.


Ресми дерекке сүйенсек, Жамбыл облысы халқының 74,3 пайызын қазақтар құрайды. Алайда сот өндірісіндегі мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі бұл көрсеткішпен мүлде қабыспайды. Керісінше, жылдан-жылға төмендеп келеді. 2024 жылдан қазірге дейін саладағы қазақша құжат айналымы 6,4 пайызға кеміген.