Ата кәсіпті табыс көзіне айналдырып, ұлттық қолөнерді дамытып жүрген жандардың бірі – Меркі ауданы, Ақтоған ауылдық округінің тұрғыны Еркебұлан Әмірханов. Ол атадан қалған дәстүрді жалғастырып мал шаруашылығына қажетті түрлі бұйымдарды өз қолымен жасайды. Оны заман талабына сай кәсіп ретінде дамытып келеді.
Еркебұлан бұл өнердің қыр-сырын бала кезінен бойына сіңіріп өскен. Жылдар бойы тәжірибе жинақтап, бүгінде ұлттық қолөнерді кәсіби деңгейде игерген шеберге айналған. Шебердің негізгі өнімдерінің қатарында жүген, ноқта, ер-тұрман, тартпа секілді ат әбзелдері бар. Сонымен қатар қамшы өріп, сиыр, жылқы және тайға арналған қажетті құрал-жабдықтарды да дайындайды.