Елімізде мемлекет пен азамат арасындағы дауларды қараудың жаңа, нақты жүйесі қалыптасады. Енді шағым түсіру жүйесін бұрынғыдай күрделі емес, тәуекелдерді алдын ала басқаруға бағытталған модельге ауыстыру көзделіп отыр. Үкімет осыған қатысты ережелер дайындап жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» атты халықаралық форумында айтылды. Жиында сөз сөйлеген Президент әкімшілік дауларды шешуде жүйелілік қажет екенін баса айтты. Яғни, мемлекеттік органдардың қабылдайтын шешімдері барлық жерде бірдей және түсінікті болуы керек. Бір рет қаралған мәселе қайта-қайта сотқа жетпеуі тиіс. Жалпы, мұның мақсаты – мемлекеттік басқаруды жүйелі етіп, азаматтар мен мемлекет арасындағы дауларды әділ әрі тиімді шешу.