Интернет алаяқтары тыйылар емес, күрес күшейген сайын олардың айласы да түрленіп келеді.Оңай олжаға құныққан қаскөйлер жаңа тәсілдерді белсенді қолдануда. Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың кезекті деректерін жариялады. Олар енді дипфейк технологиясына көшкен. Дәлірек айтқанда, ресми өкілдің бейнесін пайдаланып, жалған бейнероликтер таратуда. Тіпті, агенттік атынан фейк сайттар жасап, азаматтарды алдауда.

Таратылып жатқан бейнероликтерде агенттік өкілі атынан өзін «алдауға ұшыраған инвестор» ретінде таныстырған адамның оқиғасы баяндалады. Сценарий бойынша, ол қаржы салғаннан кейін табысының өскені көрсетіледі. Алайда қаражатын шешіп алмақ болған сәтте одан түрлі комиссиялар, салықтар мен «тексеру» үшін төлем талап етіледі. Бірнеше рет ақша аударғанына қарамастан, салынған қаражатқа қол жеткізу мүмкін болмайды. Одан әрі бейнероликте қаражаттың бір бөлігі банк пен реттеуші органдар арқылы қайтарылғаны айтылып, көрермендерге «көмекке жүгіну» ұсынылады. «Толығырақ» батырмасы арқылы қолданушылар «халықтық заңгер» деп аталатын чатқа өтеді. Онда қаражатты қайтару туралы жалған хат алмасу имитацияланады. Сонымен қатар, алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігінің жалған парақшаларын жасап, онда «зардап шеккендерге қаражатты қайтару» туралы ақпарат орналастырады. Сілтеме арқылы өткен пайдаланушыларға сауалнамадан өту ұсынылады. Мысалы, «ақшаңызды қашан жоғалттыңыз?» деген сұраққа жауап беру. Бұдан кейін жеке деректерді – аты-жөні, телефон нөмірі және электронды поштаны енгізу қажет болатын форма ашылады. Соңында «қаражатты қайтару процесін бастау» батырмасын басу ұсынылады. Мамандар мұндай сайттар, сауалнамалар мен формалардың барлығы азаматтардың жеке деректерін жинап, қаржысын иемденуге бағытталған алаяқтық схема екенін ескертеді. Ақпараттың шынайылығын тексеру үшін азаматтарға Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе тұрғылықты жері бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тікелей жүгіну ұсынылады. Тұрғындардан сақ болу, ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру және алаяқтардың айла-тәсілдеріне алданбау сұралады.