2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен елімізде дарынды әрі болашағы зор жастарды қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды. Содан бері бұл грант 123 қазақстандық үшін өз идеяларын жүзеге асырып, дамытуға мүмкіндік беретін бастау алаңына айналды. Осы уақыт аралығында жеңімпаз атанғандардың 90 пайызы өз істерін өрге домалатып, табысты жобаларын жүзеге асырып келеді.

Ал биыл байқауға 1700 өтінім түсіп, оның 1622-сі қабылданған. Нәтижесінде 30 жоба үздік деп танылды. Грант иегерлерінің бірі – жамбылдық белсенді Әсел Тоқпанова. Ол «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша 3 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алып, өңірдің экология мәселесін жақсартпақ.