Құрлық әскерлері әскери институтының 4-курс курсанттары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты Тараз гарнизонында әскери іс-тәжірибеден өтті. Олар 5-ші механикаландырылған бригада мен жөндеу-қалпына келтіру әскери бөлімінде тәжірибе жинақтап, әскери қызметтің қыр-сырын меңгерді.
Тағылымдама барысында курсанттар қызмет процесіне толық қатысып, жөндеу шеберханаларының жұмысымен, әскери ұжымның ерекшеліктерімен және болашақ қызметтік міндеттерімен танысты. Сонымен қатар олар алғаш рет өздерін взвод командирі ретінде сынап көрді. Жақын айларда курсанттар лейтенант шенін алып, Қазақстан Қарулы күштерінің офицерлік құрамына қосылады. Ал Тараз гарнизонында алған тәжірибе олардың болашақ әскери қызметіне негіз болмақ.