Таразда 15 наурызда өтетін республикалық референдумға дайындық шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету тақырыбында оқыту-семинары өтті. Оған Жамбыл облыстық және қалалық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері, аталған комиссия жанынан құрылған жұмыс тобының құрамына енгізілген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдері және дауыс беру кезінде ерекше шарттарды талап ететін азаматтар қатысты.

Оқыту-семинары барысында Республикалық референдумды өткізудің принциптері мен азаматтардың референдумға қатысу құқығы, референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдардың дауыс беру құқығын іске асыруы үшін жасалған жағдайлар мен мүмкіндіктер туралы жан-жақты түсініктеме берілді. Электоралдық науқандарды өткізу кезінде учаскелерді пандустармен, тактильді бағыттағыштармен, кіреберістегі шақыру батырмаларымен және автокөліктерге арналған арнайы тұрақ орындарымен жабдықтау арқылы мүгедектігі бар адамдарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.