Енді дрондар жолдардағы құқық бұзушылықтарды анықтайды. Тың тәсілді Жамбыл облысының Полиция департаменті қолға алды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ауыр жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қала сыртындағы тас жолдарда дрондарды қолданысқа енгізуде.

Ұшқышсыз ұшу аппараттары әуеден жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректері, соның ішінде қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер жасау және жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіретін өзге де әрекеттерді тіркейді. Мәселен, «Toyota Alphard» маркалы автокөлігінің жүргізушісі қала сыртындағы жолда әрекеті елеусіз қалады деп ойлап, басып озу кезінде қарсы бағыттағы жолаққа шыққан. Құқық бұзушылық ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы тіркеліп, жүргізуші заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Соңғы бірнеше күн ішінде дрондарды пайдалану арқылы қарсы жолаққа шыққан 11 жүргізуші анықталды. Заманауи технологияларды қолдану құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға ғана емес, жолдағы ауыр зардаптардың алдын алуға да мүмкіндік береді, дейді мамандар.