Өрттен құтқарушы батырлар марапталды. Жыл басында болған оқиғада Ерғали есімді әскери қызметкер мейрамханадағы жалынды көріп көмекке ұмтылады. Сондағы адамдардың өмірін сақтап қалуға септеседі. Ақпейіл азаматтың еңбегі ескеріліп, марапатқа ие болды.
Жаңа жылдың алғашқы күні Таразда Жамбыл даңғылы бойындағы мейрамханада шыққан өрт үлкен қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді. Бірақ, оны көрген Ерғали есімді азамат өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимарат ішіндегі келушілерді эвакуациялауды ұйымдастырып, ықтимал құрбандардың алдын алды. Осылайша жоғары азаматтық жауапкершілік пен жеке батылдық танытты. Енді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтың бұйрығымен Кенжебаев Ерғали Рысбайұлы «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.