Тараздық боз бала әпкесінің көлігін айдап, полициядан қашты. Күні кеше патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған «Mercedes-Benz» автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шығып, полицияның заңды талабына бағынбаған.
Полиция қызметкерлері жедел түрде оның ізіне түсіп, кәсіби әрі үйлесімді әрекет етудің нәтижесінде көлікті тоқтатты. Тексеру барысында автокөлікті кәмелетке толмаған жасөспірімнің басқарғаны және оның жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Ол әпкесінің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жасөспірім мен көліктің заңды иесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірнеше баптары бойынша жауапкершілікке тартылды. Көлік айып тұрағына қойылды.