Жуалы ауданындағы таулы-егерлі ротаның сарбаздары жауынгерлік үйлесімнің кезекті кезеңінен өтуде. Әскери бөлімдер үшін бұл – нормативтерді орындау, атыс дайындығы мен тактиканы пысықтау болса, таулы-егерлі бөлімшесінде жауынгерлік үйлесімнің өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда әскери қызметшілермен бірге жауынгерлік аттар да дайындықтан өтеді.
Жас сарбазды әскери қызметтің әліппесінен бастап үйреткендей, аттарды да әскери іске біртіндеп баулиды. Алдымен жүген мен ер-тоқымнан бастайды. Әсіресе әскери бөлімге жақында ғана жеткізілген жылқыларды бірден бағындыру оңай емес. Олар әлі де ерге үйренбеген. Сол себепті де взвод не бөлімше біртұтас күшке айналғанға дейін әр жауынгер өз атымен жеке дайындықтан өтеді. Алғашқы «Ұрысқа!» пәрменінен бастап, таулы аймақта күрделі тапсырмаларды орындауға дейінгі барлық кезең жеке пысықталады.